Мемлекеттік қолдаудың артқанына қарамастан аграрлық сектор әлі де бәсекеге қабілетсіз болып отыр

АСТАНА. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  -Мемлекеттік қолдаудың артқанына қарамастан аграрлық сектор әлі де бәсекеге қабілетсіз болып отыр.

 Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Министрдің айтуынша, қаржылық дағдарысқа қарамастан елімізде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау ауқымы қысқарған жоқ, керісінше 3 пайызға артып отыр. Мәселен, егіс жұмыстары мен жиын-терім науқаны үшін бюджет пен Ұлттық қор қаражаты есебінен 82,6 млрд. теңгенің жеңілдетілген несиелері ұсынылған.

«Дегенмен де, мемлекеттік қолдау шараларының арта түсуіне қарамастан экономиканың аграрлық секторы әлі де бәсекеге қабілеттілігі әлсіз сала болып отыр. Бұған еңбек өнімділігінің төмендігі, өнімнің өзіндік құнының жоғарылығы, өндірістің ұсақ тауарларға негізделуі мен саладағы техникалардың, технологиялық қамтамасыз етудің артта қалуы себеп болып отыр. Мәселен, өсімдік шаруашылығы диқаншылық саласы заманға сай өрлей алмай отыр. Минералды тыңайтқыштар, өсімдікті қорғаудың химиялық заттары аз пайдаланылады. Соның салдарынан солтүстік облыстарда орташа егін өнімі гектарына 15 центнер болудың орнына 10-11 центнерді ғана құрап отыр. Еліміздің негізгі астық себетін өңірлерінде астық дақылдарының үлесті салмағы 87 пайызды құрап отыр. Ал бұл мөлшердің 50-60 пайыз болу қажеттігі ғылыми негізделген болатын. Сондықтан да, өңірлерде астықты шамадан тыс өсіру етек алып, ол бітік шыққан жылдары сату мәселесі қиындап кетеді», деді министр.