Мемлекеттік комиссия Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын өткізу тұжырымдамасын бекітті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы кеңейтілген отырысы өтті. Кеңес отырысына комиссия мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктер басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері қатысты.

Жиында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Комиссия төрағасының орынбасары Б.Сапарбаев, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы, Комиссия төрағасының орынбасары И.Рогов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі, Комиссия төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы Е.Бабақұмаров баяндама жасады.

«2015 жыл еліміз үшін айтулы мерейтойлар жылына айналғалы отыр. Мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін мерекелердің бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы болмақ. Елбасының Жарлығымен келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияланып, оны лайықты ұйымдастыру және өткізу бойынша арнайы мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Бүгінгі алғашқы отырыстың маңызы зор. Алдымызда үлкен жауапты кезең тұр. Мерейтойлық шаралардың жоғары деңгейде, сапалы өткізу біздің қабылдаған шешімдерімізге тікелей байланысты болмақ», - деді жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы Үкімет тарапынан Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын және ҚР Конституциясының 20 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өтті.

Жиын барысында Мемлекеттік комиссия мүшелері ұйымдастырушылық-әдістемелік бірізділікті қамтамасыз етуге және барлық іс-шараларды үйлестіруге бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын өткізу тұжырымдамасын бекітті. Бұдан бөлек, отырыста ҚХА жылының эмблемасы, ҚХА 20 жылдығына арналған мерейтойлық медаль скиздерінің үлгілері де бекітілді.

Бұдан бөлек, ҚР Конституциясының 20 жылдығын, Қазақ хандығы құрылғанының 550 жылдығын, Жеңістің 70 жылдығын қоса алғанда, 2015 жылға арналған мерейтойлық іс-шаралардың жоспарын іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру мәселелері талқыланды.

Жиын қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.