Мемлекеттік компанияларды құру Президент жарлығы немесе Үкімет шешімі арқылы ғана жүзеге асады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ендігіде мемлекеттік компаниялар құру Президент жарлығы немесе Үкімет шешімі арқылы ғана жүзеге асады. Бүгін Парламент Мәжілісінде Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов осылай мәлім етті. Еске салайық, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттің кәсіпкерлік қызметіне қатысуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылған болатын.

Құжаттың басты жаңалығының бірі - мемлекеттік компанияларды және еншілес ұйымдарды құру жағдайлары қарастырылып отыр. «Атап айтқанда, мемл е кеттік компанияларды құру біріншіден, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігінің немесе қоғам мүдделерін қорғаудың басқа мүмкіндігінің болмауы жағдайында жүзеге асады. Екіншіден, мемлекеттік меншіктегі стратегиялық объектілерді пайдалану және ұстау үшін құрылуы мүмкін. Үшіншіден, мемлекеттік монополияға жатқызылған, сондай-ақ мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша тиімділікті талдау және ұсыныстар әзірлеу үшін құрылған салалардағы ұйымдардың қызметін жүзеге асыру барысында қарастырылады. Төртіншіден, ұқсас немесе өзара алмастыратын тауарды өндіруді жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілері тиісті тауар нарығында болмаған жағдайда құрылады», - дейді вице-миниср Т.Жақсылықов.

Оның айтуынша, мемл е кеттік компанияларды құру Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарында немесе Үкіметінің шешімдерінде тікелей көрсетілген кезде ғана жүзеге асады.

Бұдан басқа, «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңда бекітілген критерийлерге сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын мемлекеттің қатысуымен ұйымдар құруға, сондай-ақ оларда мемлекеттік қатысуына тыйым салынады.

«Жалпы, қандай да бір нарықта бәсекелестік болмаған жағдайда мемлекет оның қатысуымен заңды тұлғаны құру туралы шешім қабылдай алады. Осындай заңды тұлға жобаның өзін-өзі ақтауы, мемлекеттің кейін оның үлесінен шығу кезеңін ескере отырып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттарында құрылуға тиіс», - деді вице-министр.