Мемлекеттік құпия құжаттар қалай жеткізіледі

НҰР–СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елімізде фельдъегерлік қызмет мамандары төл мерекелерін атап өтуде. Аталған қызметтің мемлекеттік маңызы зор. Олай болса фельдъегер деген кім? Оның міндеті қандай? Фельдъегер болу үшін қандай қасиет талап етіледі? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Мемлекеттік фельдъегерлік қызметі Түркістан облысы бойынша басқарма басшысы Сапарғали Сәбитов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің міндет - мемлекеттік маңызды, құпия құжаттарды жеткізу. Күніне 3-4 мың құжат тасимыз. Яғни құжат тиісті жерге уақытылы әрі бүтіндей жетуі тиіс. Бұл командалық жұмыс және жұмысқа кірісер алдында нұсқаулық беріледі. Өйткені, жауапкершілік жоғары, фельдъегерлер біреудің жеке затын емес, мемлекеттік құпия саналатын құжатты жеткізеді. Сондықтан біз төтенше жағдайға дайын болуымыз керек. Біздің қызметкерлер аптасына 2 рет арнайы дайындықтан өтеді», - деді Сапарғали Сәбитов.

Сондай-ақ, басқарма басшысы фельдъегерлерге қойылатын басты талаптарға тоқталып өтті.

«Фельдъегердің жоғары білімі болуы қажет. Атап айтқанда заң саласы бойынша. Маман өзіне жүктелген міндетке аса жауапкершілікпен қарауы тиіс. Одан бөлек, адам моральдық және физикалық тұрғыдан кез келген жағдайға дайын болуы керек. Өйткені, жолда түрлі жағдай болуы мүмкін, ал ол құжатты аман сау жеткізуі — міндет. Әрине, жеткізу процесі жоғары басшылық арқылы бақыланады. Осы күнге дейін біздің мамандар өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып келеді», - дейді ол.

Оның айтуынша, фельдъегерлік қызмет тікелей мемлекеттік органдармен жұмыс істейді. Оның ішінде Үкімет, ішкі және сыртқы істер министрлігі тағы сол сияқты.

«Мен бұл салаға 1980 жылы келіп, 2017 жылға дейін еңбек етіп, зейнетке шықтым. Оған дейін милиция болып жұмыс істедім. Біз Президенттің, Үкіметтің құжат, хаттарын тасимыз. Яғни құжат алдымен Мәскеуге жеткізіледі, одан әрі шетел асады. Неге Мәскеу арқылы десеңіз? Тікелей жеткізу қымбатқа түседі. Елімізде фельдъегерлік қызмет құрылып, жұмысын бастағалы жол-жөнекей құжат жоғалу немесе уақытылы жетпеу оқиғасы болған емес», - дейді ардагер фельдъегер Шапхат Бисалиев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай бүгін елордада фельдъегерлік қызмет мамандары марапатталды .