Мемлекеттік құпияны сатпақ болған 200-ден астам лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды - Н.Әбіқаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік құпияны сатпақ болған 200-ден астам лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл жайында «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында ҚР ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев мәлім еткен.

«Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы сын-қатерлер мен қауіптер артып келеді. Ол өз кезегінде кез келген мемлекетті қарсы тұрудың нақты шараларын әзірлеп енгізуге мәжбүрлейді. Бұл ақпараттық қарым-қатынастарды реттейтін ұлттық заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге ғана емес, сонымен бірге, ақпараттарды пайдалану және қорғау құралдарын жаңарту мен жаңғырту аясында сәйкесінше техникалық әрі ұйымдастыру шараларын қабылдаумен де байланысты жайт», - дейді ол.

Комитет төрағасының пайымынша, бұл бағытта ақпарат қорғау құралдарының өндірістік базасын дамытып, жетілдіру қажет. Сонымен бірге ақпараттық технологиялар саласындағы еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін тиімді пайдалану керек.

«Өкінішке орай, жекелеген лауазымды тұлғалар тарапынан қызметтік және мемлекеттік құпияны сақтауға келгенде немқұрайдылыққа бой алдыратындығы жиі болып тұрады. Жекелеген азаматтардың өздерінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, құпия мәліметтерді материалдық сыйақыға беруге тырысқандығы жайында фактілер бар. Бұл деректердің барлығы анықтап, жолын кестік. Тек соңғы 1,5 жылдың ішінде лауазымды тұлғалар қатарынан 200-ден астам адам әкімшілік, тәртіптік және қызметтік жауапкершілікке тартылды», - деді Н.Әбіқаев.