Мемлекеттік қызмет істері агенттігі кадрларды оңтайландырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде кадрларды оңтайландыру процесі жүреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі агенттік төрағасы Алик Шпекбаевқа сілтеме жасап.

Астанада өтіп жатқан мемлекеттік қызметті жетілдіруге арналған халықаралық конференцияда Алик Шпекбаев агенттікте Кадрлық іс-қағаздарын жүргізу және еңбекақыны төлеу бойынша қызмет көрсету орталығы ашылғанын атап өтті.

"Кадрлық іс-қағаздарын жүргізу және еңбекақыны төлеу бойынша қызмет көрсету орталығын іске қосуда оңтайландыру жұмыстары жүреді. 50 мемлекеттік қызметшіні қысқарту арқылы агенттікте жылына 180 миллион теңгені үнемдеуге болады. Апробация сәтті жүзеге асқан жағдайда жобаны барлық мемлекеттік аппарат аясында іске қосамыз. Алдын ала есептеулер бойынша, оңтайландыру 4600 қызметкерді қамтиды және жылына 5,5 млрд теңгені үнемдеуге болады", - деді Шпекбаев.  

Оның айтуынша, агенттік орталық аппараттағы штат санының үштен бір бөлігін қысқартып, қызметкерлер жалақысын 60%-ға дейін көбейткен.

Оңтайландыру нәтижесінде іріктеудегі бәсекелестік арта түскен.

«Пилоттық органдарда өткен жылы бір орынға 2 үміткер келген еді. Ал биыл бір орынға - 50-ден астам үміткер таласуда", - деді Шпекбаев.

Бұған дейін Алик Шпекбаев 2019 жылдан бастап, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы жаңа жүйемен төленетінін, еңбекақының едәуір ұлғаятынын хабарлаған еді.

Сондай-ақ, Қазақстанның мемлекеттік қызметшілеріне баспана алуда, зейнетақы тағайындауда, балабақшадан орын алуда және өңірлердегі сауықтыруда жеңілдіктер беру шаралары әзірленіп жатыр.