Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Көлік және коммуникация министрлігі департаментінің директорына қатысты тәртіптік іс қаралды

АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі өкілетті органның Тәртіптік комиссиясының отырысы өтті.

 Онда тәртіптік комиссиялардың жауапкершілігін арттыру мен тәртіптік бақылаудың тиімділігін арттыру ахуалы талқыланды. Сонымен қатар ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің департамент директорына қатысты мемлекеттік қызметшінің ар-намыс Кодексі нормаларын бұзу фактісі бойынша тәртіптік іс қаралды.

 «Агенттіктің стратегиялық жоспарында тәртіптік комиссиялардың жұмысын жандандыру басты басымдықтардың бірі болып саналады. Бұл қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді және тәртіптік комиссиялардың күнделікті жұмыстарындағы жауапкершілігін арттыруды талап етеді»,-деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахметжанов.

 Айта кетейік, бұл комиссия құрамында Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, «Нұр Отан» ХДП-ның, «Атамекен» ҰЭП-ның, республикалық БАҚ-тардың өкілдері қамтылған.