Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, агенттікте, оның аумақтық бөлімшелерінде және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы, «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ-да ашық есік күні өтті.
Шара барысында қатысушыларға агенттік қызметкерінің іс жүзіндегі жұмыстары таныстырылып, агенттіктің негізгі бағыттары бойынша түсіндірілді. Сонымен қатар, тиісті әдістемелік және құқықтық көмек көрсетілді.
«Келушілерді сыбайлас жемқорлықпен күрес, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, мемлекеттік қызметке қабылдану жайы қызықтырды.
Агенттіктің әрбір құрылымдық бөлімшесінің басшылары өздері жауапты департаменттің қызметімен таныстырды, толығырақ күнделікті орындалатын бизнес-процесстерге тоқталып, түскен әрбір сұраққа нақты жауап қайтарды.
Келушілердің қатарында жоғары оқу орындарының студенттері көп болды, Олар мансаптық өсу, мемлекеттік органдарда көп сұранысқа ие мамандық тізімін сұрады. Жастардың басым бөлігі алдағы уақытта бос лауазымдар конкурсына қатысуға ниетті екендерін жасырмады», делінген хабарламада.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросында өткен ашық есік күніне келгендерді жедел-тергеу жұмысы, жемқорлық туралы хабарлағандарға сыйақы тағайындау, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын ашу тәсілдері, сондай-ақ жемқорлық фактілері бойынша өтінішті беру құралдары қызықтырды.
«Жалпы республика бойынша аталған шараға 1 700-ден астам адам қатысты.
Бұл шараны өткізу мемлекеттік орган мен халық арасында сенімді қатынастың орнауына септігін тигізді, сонымен қатар, агенттіктің айқындық және ашықтық жолын ұстанатындығын тағы да бір көрсетті», делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, агенттік ашық есік күндерін өткізу алдағы уақытта да жалғасын табады.
Естеріңізге сала кетейік, әрбір азамат 1424 Call-орталығы (қоңырау шалу тегін) хабарласу арқылы мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметшілердің әдеп ережесін сақтауы, мемлекеттік қызметтер сапасы туралы бірыңғай кеңес ала алады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлау мүмкіндігі бар.