Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы төмен министрліктер анықталды

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша өткен қоғамдық кеңестің мәжілісінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасы төмен министрліктердің тізімі жарияланды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахметжановтың хабарлауынша, осыған орай арнайы зерттеу жүргізілген.

«Соңғы 8 айдың ішінде 57 млн.-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Осы уақыт аралығында мемлекеттік органдар 8 мыңнан астам құқық бұзушылықтарға жол берді. Оның басым бөлігі мемлекеттік қызметті уақытында орындамауға байланысты. Осылайша, ең көп құқық бұзушылықтар ҚР Ішкі істер министрлігіне тиесілі. Оның еншісінде 4 мыңнан астам, яғни барлық құқық бұзушылықтардың 52 пайызы бар. Одан кейін ҚР Өңірлік даму министрлігі (666 құқық бұзушылық) және ҚР Әділет министрлігі (513 құқық бұзушылық) келеді», - деп атап көрсетті С.Ахметжанов. Ал жергілікті атқарушы органдарының ішінде Маңғыстау облысы және Алматы қаласы көш бастап тұр.