Құжаттың мақсаты - мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманы жетілдіру, атап айтқанда ұғымдық ақпаратты толықтырып, заңнама деңгейінде мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тартудың негіздерін біріздендіру болып табылады.
«Конституцияға сәйкес, адамның және азаматтардың құқы мен бостандығы тек заң арқылы ғана шектеледі. Соның өзінде де бұл шектеулер конституциялық құрылымды қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, басқа адамдардың құқы мен бостандығын, халықтың денсаулығын сақтау мақсатында заңдық негізде ғана қарастырылады. Сондай-ақ, «Мемлекеттік қызметтер туралы» қолданыстағы заңға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздемелер Қазақстанның заңдарымен белгіленеді. Дегенмен, мемлекеттік қызметтер көрсету процесін реттейтін қолданыстағы заңнамаларға инвентаризация жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тарту негіздемелері заңға тәуелді актілер деңгейінде жүргізіліп келгені анықталды», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Ұлттық экономика вице-министрі Айдар Әріпханов.
Оның айтуынша, заң жобасында осындай олқылықтарды болдырмау шаралары қамтылады. Мәселен, мемлекеттік қызмет көрсетуші қызмет көрсетуден бас тартқан жағдайда бұл жайында қызмет алушыға бас тарту себептерін көрсете отырып, жауап жолдайтын болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға қатысты бірыңғай негіздемелер тізімі бекітіледі.
Заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.