Бұл туралы Агенттіктің баспасөз қызметінен хабарлады. Мәжіліске ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов, «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ президенті Айдос Ақбуюмов, «Қазақстан Республикасы Заңнама институты» ММ Лингвистика орталығының бастығы Нұрзада Примашев, үкіметтік емес ұйымдар, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері және депутаттар қатысты.
Кеңес барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «е-қызмет» мемлекеттік қызмет персоналын басқарудың жаңа Біріктірілген ақпараттық жүйесі таныстырылды. Әзірлеушілердің пайымдауынша, «е-қызмет» техникалық тұғырнамасын жасау мемлекеттік қызмет жүйесіндегі кадр саясаты мен адам капиталын басқару жүйесінің сапасы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Сараптамалық кеңесте мемлекеттік тілдегі нормативтік құқықтық актілердің сапасын арттыру жөніндегі шаралар таныстырылды. ҚР Президентінің 2011 жылғы 21 шілдедегі «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің жаңа моделі тұжырымдамасы туралы» № 119 Жарлығын іске асыру мақсатында Агенттік «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын әзірледі, ол қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен келісуде жатыр. Аталмыш заң 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.