Мемлекеттік қызмет саласында «е-қызмет» жүйесі енгізіледі

ТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік қызмет персоналын басқаруды жетілдіру мақсатында «е-қызмет» жүйесін енгузі жоспарланып отыр.

Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасына арналған жиын барысында агенттік төрағасы Әлихан Бәйменов осылай мәлім етті.

Агенттік төрағасының айтуынша, «е-қызмет» Агенттікке, мүдделі мемлекеттік органдарға, кадр қызметшілеріне онлайн-режимінде орталық және өңірлік деңгейдегі мемлекеттік қызметшілерге қатысты толық әрі өзекті ақпараттар алуға мүмкіндік береді.

«Жалпы, жаңа модель бойынша мемлекеттік қызмет жүйесінде ынталандыру мен еңбекақы төлеу жүйесі де жетілдірілетін болады. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесін жетілдіру, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, өңірлік мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру орталықтары қызметінің сапасын арттыру жөніндегі шаралар қабылданатын болады», - деді Ә. Бәйменов. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасы нормалары жетілдіріледі, олардың еңбегін ұйымдастырудың сапасын арттыру жұмыстары жүргізіледі.

«Азаматтық қоғам институттарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастықты кеңейту, транспаренттікті және қоғам алдындағы есептілікті арттыру мемлекеттік қызметтің тиімділігін жоғарылату шараларының бірі болмақ. Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы алға қойған және тұжырымдамада қамтылған мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру жөніндегі міндеттерді іске асыру мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін қамтамасыз етуі тиіс. Яғни мемлекеттік қызмет «ұлт пен қоғамға қызмет ету» ұғымымен мағыналас болуы тиіс», - деді Ә. Бәйменов.