Мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа заң жаһандану заманындағы жаңа сынақтарға жауап береді - Ә. Бәйменов
Бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің дәстүрлі апталық брифингінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов осылай мәлім етті.
Сөз басында агенттік төрағасы биылғы жылдың қазақстандық мемлекеттік қызмет саласы үшін ерекше болғанын айтты. Өйткені, бүгіннен бастап Елбасының саяси жігерінің арқасында Қазақстанның мемлекеттік қызметінің жаңа моделі өз өмірін бастайды.
«Қоғамның өскелең талабына сәйкес, жаһандану заманындағы жаңа сынақтарға сәйкес Елбасы мемлекеттік қызметті жетілдірудің жаңа басымдықтарын анықтады. Бүгінгі күшіне еніп отырған заң осы жаңа басымдықтарды жүзеге асырудың құқықтық негіздерін қалап отыр», - деді Ә. Бәйменов.
Сонымен бірге төраға бүгіннен бастап күшіне енген жаңа заңның негізгі басымдықтарына да тоқталып өтті. «Біріншіден, кадрларды іріктеу мен жоғарылатуда меритократия қағидасын күшейту. Екінші - «А» басқарушылық корпусын құру. Үшінші - кадрларды басқару тетіктерін жетілдіру және кадр қызметінің мәртебесін арттыру. Сонымен қатар, тәртіптік этикалық бақылауды күшейте отырып, корпоративтік мәдениетті дамыту», - деді Ә. Бәйменов.
Оның айтуынша, жаңа заңды жүзеге асыру мақсатында бүгінгі күнге дейін Мемлекет басшысының 8 жарлығы қабылданған. Өкілетті органның 4 нормативті бұйрығы да күшіне енді.