Мемлекеттік қызмет тиімділігі қатаң қадағаланатын болады - БҚО

None
ОРАЛ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Мемлекеттік қызмет тиімділігі қатаң қадағаланатын болады.

Бұл туралы облыс әкімдігінде жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау тақырыбына арналған кеңесте айтылды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев төрағалық еткен мәжіліс жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімдері және облыстық басқармалар бастықтары қатысты. Мемлекеттік қызметте тиімділікке қол жеткізу, халыққа етене жақын болу Елбасы талабы екендігін айтқан Нұрлан Асқарұлы аталмыш мәселе бойынша бірқатар баяндамашыларды мінберге шақырды. Алдымен сөз алған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Серік Шәпкенов негізгі жұмыс бағытын баяндап берді. Ендігі уақытта орталық атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау алты, ал жергілікті атқарушы органдардың қызметі тиімділігін бағалау үш бағыт бойынша жүргізілмек. Жұмыс тиімділігін бағалау нәтижелерін деңгейлеріне байланысты ҚР Президенті Әкімшілігінен бастап, салалық министрліктер, облыс әкімдіктері шығарып отырады. Сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар - үкіметтік емес ұйымдар өкілдері де осы шараға қатыстырылатын болады. Тексеру, қадағалау нәтижелері БАҚ арқылы халыққа жария етілмек.

Кеңесте сондай-ақ, облыстық қаржы басқармасының бастығы Асқар Хамитовтың, облыс әкімі аппараты кадрлық жұмыстар және мемлекеттік наградалар бөлімінің меңгерушісі Жібек Сабырованың, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша басқармасының бастығы, тәртіптік кеңес төрағасы Әкімгерей Серғалиннің баяндамалары тыңдалды.