Мемлекеттік қызметке іріктеуде заң білу талаптары азайтылып, адамның біліктілігін сынау тестілері күшейтіледі - Ә.Байменов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметке іріктеу үшін отандық тест әзірлеуге алғаш рет қаржы бөлінді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Әлихан Байменов мәлім етті.

Мемлекеттік қызмет саласындағы ең үлкен бағыттардың бірі адамның қабілетін, құзыретін бағалау екендігін баса айтқан агенттік басшысы: «Бұл өте күрделі жұмыс. Біз 1999 жылдан бері заңнама бойынша тестілеуді тәжірибе жүзінде қолданып келеміз. Ал кейбір дамыған елдерде тестілеу адамның құзыретін, қабілетін бағалауға негізделеді. Бірақ біздің тарихымызда мұндай тәжірибе болмағандықтан бұл істе өте сақтықпен қарауымыз керек. Сондықтан да былтыр «А» корпусына іріктеу кезінде осы тестілеудің отандық үлгісін сынақтан өткіздік», - деді. Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта «А» корпусына іріктеу кезінде халықаралық ең үздік компаниялардың бірі «Hill International»-мен бірлесіп әзірленген жаңа тест сынақтан өктізілуде. Бұдан бөлек елімізде алғаш рет отандық осындай тестілеу жасауға қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта агенттік конкурс арқылы серіктес таңдап, аталған тестіні дұрыс дайындау бағытындағы жұмыстарды қолға алған. «Ал келесі жылдан бастап бірте-бірте заң білу тестілерінің орны азайып, адамның біліктілігін сынау тестінің орны күшейе береді»,- деді ол.