Айта өтейік, сот отырысы өткен жылдың қазан айында басталған болатын. Судья Еркін Оспановтың сөзінше сот отырысында бас-аяғы 107 томнан тұратын 19 адамның қылмыстық ісі қаралған. Арасында 2 әйел бар. Алты адам қамауға алынып, өзгелері ешқайда кетпеу жөнінде қолхатпен босатылған еді. Айыпталушыларға Қылмыстық кодекстің 262, 383 және 385 баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Үш айға созылған сот барысында 80 куәгерден жауап алынды. Нәтижесінде 11 адам қылмыстық жазадан босатылды. Өзге айыпталушыларға түрлі мерзімдегі жазалар берілді.
«Ұйымдасқан топ белгілі бір жүйе бойынша жұмыс жасаған. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарын бітіріп жүрген түлектердің орнына мемлекеттік қызметке қабылдану үшін талап етілетін тест тапсырып отырған. Көбісі жұмыс істемейді, жоғары оқу орнын бітіргендер. Ақысына 2-3 мың доллар алып отырған. Еліміздің кез-келген қаласына барып отырған. Сот барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың екі жыл ішінде 148 шенеунікке көмектескені белгілі болды», - деді Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Еркін Оспанов.
Әл-Фараби аудандық соты шығарған үкім бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен топтың ұйымдастырушысы мүліктері тәркіленіп, жеті жылға бас бостандықтарынан айырылды. Ал, алты айыпталушы бес жылдан жаза арқалады. Олардың да мүліктері тәркіленеді. Араларында ерлі-зайыптылар да бар. Барлығы жазаларын жалпы тәртіптегі колонияда өтейді деп белгіленді.
Айнұр Ақбаева