Мемлекеттік қызметкерлер «Электронды үкіметтің» дамуын тежеп отыр деген пікірмен келіспеймін - Ә.Бәйменов

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Меніңше, мемлекеттік қызметкерлердің «Электронды үкіметтің» дамуын тежеп отырғаны туралы ақпарат, ол - алыпқашпа әңгіме. Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов осылай айтты.

Естеріңізде болса, бұдан бұрын «Астана қаласының электронды әкімдігі» жобасының үйлестірушісіДәурен Топаев Қазақстанда «Электронды үкімет» жобасын дамытуға кедергі болып отырған негізгі себептерді атаған болатын. Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметкерлердің өзі электронды қызмет көрсету жүйесін дамытуға мүдделі емес. Себебі олар «Электронды үкіметтің» келуімен өздерінің қызмет орындарынан айырыламыз деп ойлайды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов болса, бұл пікірмен келіспейді. «Меніңше, ол жай алыпқашпа сөз болар. Себебі электронды қызмет көрсету жағынан Қазақстан әлем бойынша жоғары көрсеткіштерге ие. Негізі, электронды қызметтерді енгізген кезде, оның бәрі күнделікті өмірге бейімделіп отырады», - дейді Ә.Бәйменов.