Мемлекеттік қызметкерлер жаңа конкурстық жүйе бойынша іріктеледі

АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мемлекеттік қызметі істері агенттігінде жеті әкімшілік лауазым бойынша іріктеудің ашық конкурсы басталды.

Аталған бос қызмет орындарының әрбіреуіне бүгінде 40 адам, тіпті 60 адамға дейін өтініш берген. Қыркүйектің 8-іне дейін жалғасатын конкурстың соңғы кезеңі барысында қатысушылармен сұхбаттасулар өткізіледі. Осыдан кейін конкурстық іріктеудің аталған жүйесін барлық мемлекеттік органдарға тарату жоспарланып отыр.

«Қазақстанның заңнамасына сәйкес, бізге мемлекеттік қызметкерлерді іріктеу конкурсын әзірлеп, оны әрдайым жетілдіру міндеті жүктелген еді. Байқап қарасақ, 2000-2011 жылдар аралығында агенттіктің өзінде ондай конкурс өткен де жоқ. Енді, осы конкурста жинақталған тәжірибе басқа да мемлекеттік органдарға таратылатын болады», - деп атап өтті ҚР Мемлекеттік қызметі істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов.

Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік қызметі істері агенттігі өткізіп отырған конкурстың нәтижесі қыркүйектің 9-ы күні белгілі болады.