Мемлекеттік қызметкерлерді іріктеу жұмысын кез келген адам бақылай алады - Ә.Бәйменов

АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгінде Қазақстандағы мемлекеттік қызметті жетілдіру жұмысына кез келген адам қатыса алады. Бұл туралы бүгін мемлекеттік қызметті жетілдіру жөніндегі Сарапшылар кеңесінің кезекті отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов мәлім етті.

«Негізі, осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша біраз жұмыс атқарылды. Осы орайда бұл жұмысқа кез келген адамның қатыса алатындығын ерекше атап өткім келеді. Оның барлығы жаңа заңда бар әрі тиісті ережелермен бекітілген. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының әрбір өкілі, жалпы кез келген адам мемлекеттік қызмет жөніндегі барлық конкурстық комиссиялардың отырыстарына байқаушы ретінде қатыса алады. Мен білемін, заңның осы бір тұсы орындалатын болса, мемлекеттік қызметке іріктеу жұмысы ашық әрі әділ жүргізіледі», - дейді Ә.Бәйменов.