Мемлекеттік қызметкерлердің екінші орынға ауысуы 20 есеге қысқарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметкерлердің бір орыннан екінші орынға ауысуы 20 есеге қысқарды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Мемлекеттік қызмет департаментінің директоры Әли Көмекбаев мәлім етті.

«Мемлекеттік қызметкерлердің бір орыннан екінші орынға ауысуы 20 есеге қысқарды. Мәселен, былтыр конкурс аясында лауазымға қабылданғандардың ішінде мемлекеттік қызметкерлердің үлесі 4\1-ді ғана құраған болатын. Ал 75 пайызы мемлекеттік қызметкерлер емес, мемлекеттік қызметте істемеген адамдар еді. Мемлекеттік аппарат сырттан келетін адамдармен толығып келді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіш оның керісінше өзгергенін көрсетіп отыр. Енді олардың 4\3-і мемлекеттік қызметкерлер. Қалғаны төмен лауазымдарға ашық конкурс арқылы өткендер», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, бұл көрсеткіш 2016 жылы күшіне енген «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға байланысты болып отыр.

«Демек, Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңдағы мансаптық өсу моделі толықтай жұмыс істей бастады деген сөз. Мемлекеттік органдардың басшылары осы тетікті айналып өте алмайды. Барлығы регламенттелген. Егер ол сырттан бірден адам алатын болса, ол заңды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылады», - дейді Ә. Көмекбаев.