Мемлекеттік қызметкерлерге смартфонды пайдалануға салынған тыйым күшіне енді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгіннен бастап Қазақстанның бірқатар мемлекеттік орган қызметкерлері үшін смартфондар мен планшеттер пайдалануға салынған тыйым күшіне енді.

Атап айтқанда, бұған дейін хабарланғанындай, мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытында фото-бейне камералары бар, Интернет желісіне қосылатын гаджеттерді пайдаланбайтын болады.

Дегенмен, бұндай тыйымның жергіікті полиция қызметкерлеріне қатысы болмайды. Мәселен, ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаевтың айтуынша, жергілікті полицияға «WhatsApp» арқылы хабарламалар алуға мүмкіндік беріледі. «Жалпы, смартфон ұстауға тыйым салу туралы ережені дұрыстап оқысақ, ереже бойынша құпия құжаттар бар мекемелердің қызметкерлері туралы айтылған. Ал, учаскелік полицияның жұмыс орны аудандардың аумағын қамтыйды, сондықтан, байланыс үшін оған смартфон керек»,-деді М.Бекетаев.

Айта кетерлігі, Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха мұндай шешімнің ҚР Премьер-Министр Кеңсесімен келісілгенін айтқан болатын.

«Бірқатар мемлекеттік органдардың басым бөлігінде 1 сәуірден, кейбірінде 4 сәуірден осы тыйым күшіне енеді. Бұның мерзімін әрбір мемлекеттік орган өздері белгілейді. Ал Ішкі істер министрлігіне келсек, біз 1 сәуірден бастап қызметкерлерге смартфон немесе планшетті жұмысқа әкелуге тыйым салатын боламыз.  Басшылардан бастап, қазірдің өзінде қарапайым қалта телефондарына, Интернетке қосылмайтын телефондарға көшіп жатыр», - деген болатын И.Лепеха.

Айта кетерлігі, бұндай тыйымның енгізілуіне жоғары лауазымды тұлғалардың қолы қойылған бірқатар маңызды құжаттардың WhatsApp және Facebook желісі арқылы жұртшылыққа тарап кетуі себеп болып отыр. Осыған байланысты, қызметтік ақпараттарға, мемлекеттік құпияларға қолжетімділігі бар қызметкерлерге смартфон пайдалануға тыйым салынған.