ОРАЛ. 29 наурыз. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлерге талап күшейіп отыр. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша басқармасының бастығы, тәртіптік кеңестің төрағасы Әкімгерей Серғалин мәлім етті.
Өткен жылдың желтоқсан айында «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілген болатын. Осы толықтырылған жаңа заң 26 наурыз күні күшіне енді. Әкімгерей Бексұлтанұлы мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа өзгерістердің ең алдымен ұлттық кадр сапасын көтеруге бағытталғанын айтты. Саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер, «А» және «Б» корпусы, мемқызметкерлерді іріктеу мен саралау жолдары егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Айта кетер бір жаңалық - әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің «А» корпусына үміткер әр адам бірнеше сатылы тест сынағынан өтеді. Соның бірі - мемлекеттік тілді білу деңгейін тексеретін «Қазтест» болмақ. Сондай-ақ енді лауазымды қызметке үміткермен әңгімелесу сәтіне барлық деңгейдегі депутаттар, ҮЕҰ мүшелері, БАҚ өкілдері бақылаушы ретінде қатысуға мүмкіндік алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).