15:33, 16 Сәуір 2009
Мемлекеттік қызметші өз атағына сай болуы тиіс ? Ә.Серғалин
ОРАЛ. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында мемлекеттік қызметшілер міндетіне арнайы тоқталып, олардың жауапкершілігі қазіргі кезеңде арта түсетінін атап өткен еді.
Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы, тәртіптік кеңес төрағасы Әкімгерей Серғалинмен кездесіп, пікірлескен болатын.
- Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің жергілікті орындарға жиі шығып, еңбек ұжымдарымен, халықпен кездесіп, атқарылып жатқан істерді, болашақта атқарылатын жұмыстарды, негізгі бағыттарды түсіндірудің қажеттігін атап көрсетті.
Қазіргі уақытта өңірде әр салада 4785 мемлекеттік қызметші өздеріне тапсырылған жұмысты атқарып, биік мақсат тұрғысынан көрінуге күш салуда. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілер уақыт талабына сай, халықты дағдарыстан күйзелтпей алып шығатын шешім қабылдауға және оны орындауға дайын ба деген заңды сұрақ әркімнің ойында жүргені рас. Ол үшін мемлекеттік қызметшілердің, соның ішінде лауазымды тұлғалардың халық алдындағы жауапкершілігін бірнеше есе арттыру керектігі айқын. «Соның ішінде қаржы тәртібін бұзушыларға дағдарыс уақытының заңы бойынша қатал сұраныс болуы тиіс» делінген Жолдауда. Себебі осы бүгінге дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама баптарының бұзылуы көбіне қаржыға байланысты болып отыр.
- Мемлекеттік қызметші өз атағына сай болуы тиіс. Алайда кейінгі кезде олардың атына біраз сын айтылып, тіпті тәртіптік, әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілікке де тартылып жатқандар бар. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
- Қай қоғамда да іс тетігін маман шешеді. Бүгінгі күннің негізгі мәселесі - мемлекеттік қызметшілердің өздеріне сеніп тапсырылған қызметіне деген ынтасы мен құлшынысын, мүддесін арттыру. Біздің облысымызда мемлекеттік қызметке орналасу құлшынысы басқа өңірлерге қарағанда едәуір жоғары. Оған дәлел - өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметтегі бір орынға жарияланған конкурсқа 4,2 үміткерден келсе, биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша ол 6 адамды құрап отыр. Мұны айтып отырғаным, мемлекеттік қызметке халыққа адал, жауапкершілікпен қызмет атқарамын деген үміткерді таңдап алуға мүмкіндік мол. Дегенмен, мемлекеттік қызметке қоғамға пайда келтіру үшін емес, өз мүдделерін көздеп, кездейсоқ келген адамдардың да болатыны қынжылтады.
- Әкімгерей Бексұлтанұлы, биылғы жыл басынан бері тәртіптік кеңес отырысында мемлекеттік қызметшілерге қатысты қанша іс қаралды?
- Тәртіптік кеңес отырыстарында биылғы жылдың үш айында 38 тәртіптік іс қаралып, үш мемлекеттік қызметкерді жұмыстан босату туралы ұсыныс жасалды. Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзу фактілері облыс көлемінде азаймай тұр.
Заңның кейбір баптарын, дәлірек айтқанда, жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарын қарау тәртібін бұзуы - лауазымды тұлғалардың тек қана өз міндеттеріне немкұрайлы қарап, жауапкершілікті сезінбеудің әсері деп есептейміз. Сол сияқты көбіне кездесетін заң бұзушылықтың бірі ? мемлекеттік сатып алу заңын бұрмалап, шешім дайындағанда біреуге заңнан тыс артықшылық жасау. Бұл жерде кейде заң білмеушілік те орын алатын сияқты, біле тұра заңды бұзу да басымырақ. Мемлекеттік қызметшінің сол үшін жұмыстан шығып жатқан фактілері де аз емес. Сондықтан тәртіптік кеңестің отырысын ашық, жариялы түрде өткізу көзделген. Ондағы негізгі мақсат - жариялылық арқылы мемлекеттік қызметшілерді заң бұзушылыққа жол бермеуге тәрбиелеу, жауапкершілікті арттыру.
- Елімізде мемлекеттік қызметшінің мәртебесін көтеруге қатысты жаңа үлгі қарастырылуда. Бұл жоғарыдағыдай жайттың алдын алуға ықпал етеді деп ойлайсыз ба?
- Қазақстанда мемлекеттік қызмет институты өзінің қалыптасуы мен дамуының келесі кезеңіне аяқ басты. Осы орайда қазақстандық жаңа үлгінің тұжырымдамасын жасауды Елбасы 2008 жылғы маусымның 17-сінде өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда ұсынған еді. Онда шетелдердің тәжірибесін кеңінен қолданумен қатар, еліміздің ерекшелігі мен өзіндік көзқарасқа, даму деңгейіне негізделген жайттарға көңіл бөлінген. Оның түпнұсқасында қай істе де адалдық пен тиімділік, өлшемділік тәрізді құндылықтар басшылыққа алынғанын көруге болады. Елбасының елді алға бастайтын жаңа тұрпаттағы мемлекет басқарушыларды тәрбиелеу керектігі туралы айтқан сөзі бүгінгі таңда өте маңызды екендігін өмірдің өзі дәлелдел отыр. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі мен беделі оның күнделікті жұмысын қаншалықты адал, жауапкершілікпен атқарып отырғандығының өлшемі болары анық. Ендеше, біз күнделікті өмірімізде мемлекеттік қызметшілерге қойып отырған жоғары талаптарға қаншалықты мән беріп отырмыз? Мемлекеттік қызметке жаңадан келіп жатқан қызметкерлерді қандай критерийлерге қарап қабылдап жүрміз? Осыған көз салсақ, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап орындалмаған жағдайда оның кадр тұрақтамаушылығына алып келетінін аңғару қиын емес. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облысымызда кадр алмасуы 17 пайызды құрады. Соның ішінде 240 мемлекеттік қызметші өз еркімен жұмыстан кетті. Бұл мекеме басшыларын ойландыратын көрсеткіш деп ойлаймыз.
- Бүгінгі таңда әлемдік дағдарысқа қатысты мемлекеттік қызметке қабылдауға шектеу қойылуда. Бұл, әсіресе, биылғы жылы жоғары оқу орнын бітіріп, өз мамандығы бойынша қызмет істеймін дегендерге қиындық туғызбай ма?
- Мемлекеттік қызметшілердің арасында бүгінгі таңда әзірше ешқандай қысқарту жоқ. Ал биылғы жылғы сәуірдің 1-інен бастап мемлекеттік қызметке конкурс арқылы қабылдауға шектеу қойылғаны рас. Мемлекеттік қызметке резервте тұрған үміткерлер егер оларды мекеме басшысы заңға сәйкес қабылдаймын деп шешім шығарса, ол үміткер қызметке алынады.
Әрине, биылғы жылы жоғарғы оқу орнын бітіретіндер және басқа да үміткерлер өздерінің еңбек жолын мемлекеттік мекемеде қызмет атқарудан бастағанын армандайтыны жасырын емес. Өкінішке қарай, әлемдік дағдарыс Үкіметке осындай шараларға баруға мәжбүр етіп отыр. Бірақ шектеу уақытша қойылып отыр және жылдың соңына қарай жағдай қалпына келеді деген үміттеміз. Ең бастысы, қазіргідей уақытта әркім де өз орнында Елбасы қойған жоғары талаптарға сәйкес, жұмысын жауапкершілікпен атқара білуі тиіс.