Мемлекеттік қызметшілер лауазымын сатылап жоғарылатуда кадр қызметтерінің рөлі жоғарылайтын болады

ТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік қызметшілер лауазымын сатылап жоғарылатуда мемлекеттік органдардың кадр қызметтерінің рөлі жоғарылайтын болады.

Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде мемлекеттік қызмет жаңа моделінің тұжырымдамасына арналған жиын барысында агенттік төрағасы Әлихан Бәйменов осылай мәлім етті.

«Бүгінгі таңда тағайындаулардың 50-70 пайызы ауысу тәртібімен жүзеге асырылып келеді. Бұл рәсім формальды сипатқа ие, дегенмен іс жүзінде мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді «саяси тағайындау» орын алып отыр», - дейді Ә. Бәйменов. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтің жаңа моделіне сәйкес, алдағы уақытта ауысу тәртібімен тағайындау кезінде бұрынғы лауазымдағы бағалауды, бұрынғы жұмыс орнынан ұсынымхаттың болуын ескеру көзделеді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерді сатылап жоғарылату шарасы жұмыс сапасын бағалауға негізделетін болады.

«Бұл ретте мемлекеттік қызметшілерді іріктеуде, бағалауда және сатылап жоғарылатуда мемлекеттік органдардың кадр қызметтерінің рөлі арттырылатын болады. Осыған орай, кадр қызметтерінің басшыларына арнайы біліктілік талаптары да белгіленетіні көзделіп отыр. Ал оларды тағайындау Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен келісім бойынша жүзеге асырылатын болады», - дейді агенттік төрағасы.