Мемлекеттік қызметшілер Президент жүктеген міндетті бірауыздан қолдайды – Дәурен Абаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық мемлекеттік қызметшілер Президенттің тапсырмасын бір кісідей қолдайды. Бұл пікірді ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев алға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Хабар» телеарнасында өткен «Ашық диалог» 2.0 (Открытый диалог 2.0) телебағдарламасының кезекті қонағы ҚР Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев болды.

Тележүргізушінің кезекті сұрағы мемлекеттік қызметкерлерге қатысты болды «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда кейбір мемлекеттік қызметкерлердің істі әдейі ақсатуы мүмкін бе?» - деген сауал қойылды.

«Мемлекеттік шешімдердің іске асу барысын терең түсінбейтіндер бар. Кез келген шешім бірнеше сатыдан өтіп барып қабылданады. Ол дегеніміз жоспарлау, жүзеге асыру механизмін жасау, қаржыландыру, мемлекеттік органдармен келісімге келу тағы сол сияқты. Иә, Мемлекет басшысы билікке өте жоғары қарқынмен тапсырма жүктеп жатыр. Тіпті кейбір тапсырмаларды орындауда қарқынды жұмыс істеу мүмкін болмай жатады. Бірақ, сол міндеттер қасақана орындалмай жатыр деген түсінік жоқ, мен оған сенімдімін. Олай болған жағдайда мәселе басқаша қаралады. Президенттің Жолдауында не айтылғаны есіңізде ме? Кім жүктелген міндетті орындаудан бас тартса немесе қашқақтаса, онда орнын босатсын делінген. Сөз соңында мемлекеттік аппараттың қызметкері ретінде және ондағы процесті ішкі жағынан білетін адам ретінде айтарым, төменгі сатыдан жоғары сатыға дейінгі барлық мемлекеттік қызметкерлер Президент жүктеген міндетті бірауыздан қолдайды», - деп жауап берді Дәурен Абаев.

Сұхбат барысында Дәурен Абаев Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күресудің бүгінгі жағдайы туралы айтып берді.

Сондай-ақ, Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары еліміздегі моноқалалардың тағдырына алаңдаушылық танытты.

Одан бөлек, телебағдарлама қонағы қазақстандықтарға қайта вакцина егу процесінің басты қағидаттарын жіктеп көрсетті.