Мемлекеттік қызметшілер үш тілді еркін меңгеруі тиіс - Ш.Есімова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметшілер үш тілді еркін меңгеруі тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Шолпан Есімова мәлім етті.

«Мемлекеттің, ҚР Президентінің саясаты және қолданыстағы үштілділік бағдарламасы қазірдің өзінде мемлекеттік қызметшіге толыққанды үш тілді жетік меңгеруіне мүмкіндік береді», - деді Ш.Есімова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта мемлекеттік органдарда қызмет ететін шетелде білім алған азаматтардың қатары көп екендігін атап өтті.

«Біз министрліктерде «Болашақ» бағдарламасымен немесе басқа да білім беру бағдарламалары арқылы шетелде білім алғандардың қатары көп екендігін білеміз. Олардың бірқатары мемлекеттік қызметте жұмыс істеуде. Біздер көптеген шетелдік сапарларымызды аудармашылардың көмегінсіз жүзеге асыратындығымыз қуантады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, мемлекеттік қызметшінің үш тілді еркін меңгеруі жұмысты жақсартып, уақытты үнемдеуге септігін тигізеді.

«Яғни, біз аудармаға уақыт жоғалтпаймыз. Бұл өте жақсы үрдіс және біз осы жолмен алға қарай ілгерілей беруіміз қажет деп санаймын. Мәселен, Еуропалық одақ менеджері үш тілді білуге міндетті. Тек сонда ғана ол мемлекеттік қызметте жұмыс істей алады», - деді ол.