Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қабілеттерін жетілдіру мақсатында бір апталық семинар өтуде

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы  «Мемлекеттік басқаруды жаңғырту жағдайындағы мемлекеттік қызметшілердің тұлғасы мен кәсіби қабілеттерін жетілдіру» атты тақырыпта бір апталық семинар өткізуде.

Мемлекеттік қызметшілердің  біліктілігін арттыру мақсатында өтіп жатқан семинарды осы академияның Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтының «Басқару философиясы мен әдіснамасы» кафедрасы ұйымдастырып отыр.

Семинардың ашылуында «Басқару философиясы мен әдіснамасы» кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Елтай Шаханов қоғамды дамытудағы мемлекеттік қызметшінің рөлі туралы айта келіп, осы шараның мақсаттары мен міндеттерін айтып берді.

Семинардың мақсаты - мемлекеттік қызметшілердің жеке бас мәдениеті мен кәсіби  құзыреттілігін арттыру жолында оларды басқарудың қазіргі технологиялары және әдістерімен таныстыру. Семинар бағдарламасын игерутыңдаушыларға басқару құзыреттілігінің негіздері туралы білімдерін кеңейтуге, тұлғалық және кәсіби дағдыларын дамытуға, ұжымдағы моральдік-психологиялық ахуалды жақсартуға,  мемлекеттік қызметшінің кәсіби мәдениетінің мазмұны мен абыройын арттыруға бағытталған жүйеленген білімдері мен нақты біліктіліктерін қалыптастырады.

Айта кету керек, орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, орынбасарлары мен жетекші мамандары, бірқатар өңірден келген жергілікті атқару органдарының басшылары мен орынбасарлары дәріс алуда.

Оқыту тәсілідәріс беру, тренингтер, практикалық сабақтар, дөңгелек үстелдер басында пікір алмасу түріне өтеді.

Семинардың алғашқы күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері  агенттігінің кадрлық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары Әсел Мұсағұлова, Мемлекеттік басқару академиясының «Мемлекеттік және жергілікті басқару» кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Асхат Наметша және «Әлеуметтік технологиялар» кафедрасының профессоры, психология ғылымдарының докторы Лейла Асылбекова тыңдаушыларға дәріс берді.

Бір апталық семинар бүгін одан әрі жалғасады.