Бұл кітап Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша шығарылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқу құралында мемлекеттік қызметшілерге, іскер адамдарға мемлекеттік тілді жетік меңгертуге септігі мол мазмұнды, бай материалдар берілген, түрлі лексика-грамматикалық жаттығулармен қамтылған. Оқулықта тілді меңгерушілер деңгейіне сәйкес іс қағаздарының түрлерін жазуға, тіл ұстартуға, аударма жасауға дағдыландыру арқылы сөздік қорын байытуға көп көңіл бөлінген.
Еңбек мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік басқару факультеттерінің студенттері, жалпы тіл үйренушілер үшін прақтикалық тұрғыдан пайдалы болары анық.
Автордың айтуынша, оқулықтың негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасының тіл саясатын жүргізу ісінде мемлекеттік қызметшілерге тіл дамыту, бұрынғы алған білімдерін қазақ тілінде қайта жаңғыртып беру арқылы сөздік қорын молайтып, тіл ұстарту.
Мемлекеттік органдар арасында хат-хабар алмасу, құжат дайындай білу негізін үйрену үшін алдымен сол деңгейге дейінгі дайындық өте маңызды болып табылады.
Осы оқулықта үйренушіге тілді мәтін арқылы үйрету, оның мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріп, өз ойын жеткізу арқылы тілін дамыту жағы қарастырылған. Берілген мәтіндер мемлекеттік қызметшілер үшін қажетті тақырыптардан іріктеліп алынған.
Сонымен қатар оқулықта құжаттың жеңіл түрлерін жаза білуге үйрету, шығарма, эссе жазу арқылы өз ойларын жазбаша жеткізе білуге дағдыландыру, тыңдаушылардың баяндама жасап, сөйлеу шеберлігін қалыптастыруға бағыт берілген.