Мемлекеттік қызметтердің тізімі үш есеге арттырылды - ҚР ЭДСМ

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы арта беретін болады.

Бұл туралы бүгін Астанада аталмыш тақырыпқа арналған дөңгелек үстел отырысы барысында Экономикалық даму және сауда министрлігінің жауапты хатшысы Дина Шаженова айтты.

Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау жүйесін енгізу жоспарлануда. Қызметтің сапасы мен бақылау ісі Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің мойнына жүктелмек. Ал заңды жасақтау міндеті ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігіне берілген.   

«Бүгінгі таңда біз «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңды жасақтауға кірістік. Онда аталмыш саланың принциптері, міндеттері мен даму негіздері нақтыланып, бекітілетін болады», - деді жауапты хатшысы.

«Елбасы өз Жолдауында мемлекеттік қызмет сапасын арттыру жөнінде тапсырма берген болатын. Соның ішінде электронды үкімет жұмысын жетілдіру, әлеуметтік маңызы бар қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарының құзырына беру міндеті басымдықты болып табылады», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша, ХҚКО арқылы 11,5 млн. қызмет көрсетілді. Электрондық үкімет порталы арқылы 8 млн.-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген.

«Біз бұл бағытта жұмыстарды жетілдіре беретін боламыз. Мәселен, мемлекеттік қызметтердің тізіміне 210 қызмет түрі ғана енгізілген. Қазіргі уақытта жаңа тізім жасақтадық. Онда бұл тізім үш есеге арттырылды», - деді Д. Шаженова.