Алматы қалалық соты, прокуратура, ішкі істер департаментінің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысқан бұл жиынның мақсаты - азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қызметін жүзеге асырудағы қызметтік этика және жоғары рухани-адамгершілік ахуалды қалыптастыру. Отырысты ҚР мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Мақсатхан Анапин кіріспе сөзбен ашты. Жиында Алматы қалалық сотының судьясы Болатбек Қатықбаев, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Жанділдә Жақыпов, Алматы қаласы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Ерлан Сапаев, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің Кадр жұмыстары басқармасы бастығының орынбасары Олжас Мырзабековтер баяндама жасап, мемлекеттік қызметтерде, құқық қорғау органдарында қызметтік этиканы қалыптастыру жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқандығынан хабардар етті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жариялаған бес институционалдық реформа аясында «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» жоспарының 13 қадамындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мен мемлекеттік қызметтің жаңа моделінде мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату мақсатында әдептілік нормалары мен мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Әдеп жөніндегі кодексі қабылданды.
Әдеп жөніндегі кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Жаңа кодекс мемлекеттік қызметшілердің жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға негізделген. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер қабылдайтын түрлі шешімдерінің заңдылығы мен әділдігі, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдерді қабылдаудың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етеді. Мемлекеттік органдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігіне кедергі жасайтын іс-әрекеттерді болдырмау, алдын алу шараларын уақытында ұйымдастырады. Кез келген мемлекеттік қызметші өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде басқа да мемлекеттік қызметшілердің қызметін пайдаланбауға, шындыққа келмейтін мәліметтерді таратпауы тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақыттағы, қызметтік қатынастардағы, көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттарын белгіленген талаптарға сәйкес, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, абыроймен атқаруы тиіс.
Әдеп жөніндегі кодекске сәйкес мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі уәкілдер енгізілді, ол мемлекеттік қызметтің әдеп нормаларының сақталуын, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілердің құқық-бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін қамтамасыз ету қызметін жүзеге асырады. Әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі қызметі мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсете отырып, мемлекеттік қызметшілердің заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауына ықпал етеді. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдап, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады. Әдеп кодексін бұзудың алдын алу, оған жол бермеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыру мақсатында азаматтық қоғам институттарымен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды. Олардың қызметін үйлестіру Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігіне жүктеледі.