Мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі ТМД бойынша үздік

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл департаментінің басшысы Берген Беспалинов жас мемлекеттік қызметшілермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін көтеру орталығында ұйымдастырылған кездесуде Б. Беспалинов шетелдік сарапшылардың пікірін айта келе, мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі ТМД елдері арасында ең үздік болып отырғанын атап өтті.

«Бірінші институционалды реформаны жүзеге асыру мемлекеттік қызметтің қадірін білетін, білікті де, білімді адамдардан тұратын мемлекеттік аппараты құруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, мемлекеттік аппараттын тиімді жұмыс істеуі мемлекеттік қызметшілердің бәсекеге қабілетті, кәсіби және патриот болуына тікелей байланысты», - деді  департамент басшысы.

Кездесу барысында конструктивті диалог жүргізіліп, өкілетті орган басшысы мен біліктілігін көтеріп жатқандар арасында мемлекеттік қызметке қатысты пікір алмасты.

Айта кету керек, облыс бойынша мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 39 жасты құрайды. Оның ішінде 25 пайызы 29 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметшілер.

Облыстағы жергілікті атқарушы органдарда 222 жас мемлекеттік қызметшіге тәлімгер бектілген. 110 мемлекеттік қызметші сынақ мерзімінен өтіп, өңірдегі мемлекеттік органдарда жұмыс істеуде.