Бүгін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өтіп жатқан «Мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі: міндеттері мен даму келешегі» атты ғылыми-практикалық конференция барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Қайрат Нұрпейісов осылай мәлім етті.
«Былтырғы жылы қабылданған Қазақстанның 2020 дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес, Мемлекет басшысы Н. Назарбаев еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге қатысты бірқатар нақты міндеттер жүктеп отыр. Бұл тапсырмаларды орындау мақсатында мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісінің тұжырымдама жобасы әзірленген болатын», - деген агенттік төрағасы аталған тұжырымдаманың негізгі бағыттарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметті жаңғырту ең алдымен оның құрылымын өзгертуді талап етеді. Бұл ретте мәселе лауазымдардың жаңа реестрін әзірлеу тұрғысында болып отыр. Ондай реестр үш корпусқа негізделетін болады.
«Бұлар - саяси мемлекеттік қызметшілердің корпусы, оның ішінде әкімшілік мемлекеттік қызметтің басқару және атқару корпусы қамтылады. Бұндай жіктеудің жөні бар. Өйткені, осылай бөлу стратегияларды әзірлеу, шешім қабылдау және олардың орындалу үдерістері арасында аса нақты функционалды бөлімдерді қамтитын болады. Соған сәйкес, деңгейдің әрбірінде қызметші жеткен жетістігіне қарай өз лауазымын жоғарылатуға мүмкіндік алатыны көзделеді. Осылайша, мемлекеттік қызметтің жаңа құрылымында мансаптық вертикаль қамтылатын болады», - деді Қ. Нұрпейісов.