Мемлекеттік мекеме басшысы қамқорлығы үшін кәсіпкерден 2 млн теңге пара алған

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Алматыжолзертхана» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы кәсіпкерден қамқорлығы үшін 2 млн теңге пара алған. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаменті «Алматыжолзертхана» республикалық мемлекеттік мекемесі басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

«Ол ЖШС директорынан жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлік қызметіне қамқорлығы үшін жалпы сомасы 2 млн теңге пара алды деп күдікке ілікті. Кінәсін толық мойындауына байланысты күдіктіге қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасуда», - деді Арман Бердалин.

Департамент басшысының айтуынша, мұндай қылмыстар «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы филиалының және Павлодар облысы бойынша «Павлодаржолзертхана» республикалық мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғаларына қатысты да анықталған. Қазіргі таңда іс сотта қаралып жатыр.

Соңғы жаңалықтар