Мемлекеттiк мекемелерде мемлекеттiк символдарды лайықсыз ұстау фактiлерiн доғару қажет - А.Балаева

АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Астанадағы мемлекеттiк мекемелердегi мемлекеттiк символдарды ұстау тәртiбiне қатаң бақылау орнату қажет.

Бұл туралы бүгiн Астана әкiмдiгi жанындағы ҚР Мемлекеттiк символдар жөнiндегi комиссияның отырысында комиссия төрағасы, елорда әкiмiнiң орынбасары Аида Балаева мәлiм еттi.

"Осы уақытқа дейiн мекемелердегi, әсiресе мемлекеттiк мекемелер мен органдар нысандарында мемлекеттiк символдардың лайықсыз ұсталған өрескел оқиғаларына жол бермеу қажет. Барлығын ретке келтiретiн уақыт жеттi", - дедi А.Балаева.

Аудандық әкiмдiктердiң тексеру жүргiзуi бойынша, аталмыш оқиғалар сот ғимараттарында, Денсаулық сақтау министрлiгiнде, бiлiм беру орындарында, ТЖМ мекемелерiнде анықталған.

Оның айтуынша, мамыр айында комиссия отырысы өткiзiлген және үкiметтiк органдарға мемлекеттiк символдарды қалай ұстау қажеттiгi жөнiнде ауқымды түсiндiру жұмыстары жүргiзiлген. Алайда Қазақстанның мемлекеттiк символдары күнi мерекесі өткеннен кейiн де өрескел жағдайлар кездесуде. Бұл бұзушылықтардың барлығы қала күнiне қарсы жойылуы тиiс.

"Прокуратура аталған мекеме басшыларына қатысты шаралар қолданып, жауапқа тартуды талап етемiн. Бiз мемлекеттiк емес органдардан және жекеменшiк компаниялардан символдардың тиiстi деңгейде ұсталуын талап етемiз. Бiрақ мемлекеттiк мекемелер сол талаптарды ұстауда үлгi болудың орнына өздерi жиi бұзады. Бұл талап мемлекеттiк мереке тұсында ғана емес, әр кезде бақылауда болуы шарт", - деп түйдi сөзiн комиссия төрайымы.