Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне жалақы бойынша кредиторлық қарызы 6 миллиард теңгені құрады

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жергілікті атқару органдарының мәліметтеріне сәйкес сәуірдің 1-інде жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің жұмысшыларына жалақы бойынша кредиторлық қарызы 6 миллиард теңгені құрады.

Бұл туралы бүгін биылғы жылдың бірінші тоқсанына арналған Үкімет отырысында Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, қарыздың көп бөлігі Алматы облысында - 2,4 миллиард теңге, Алматы қаласында - 1,2 миллиард теңге, Солтүстік Қазақстан облысында - 1 миллиард теңге, Жамбыл облысында-805,2 миллион теңге, сондай-ақ Павлодар облысындағы қарыз 514 миллион теңгені құрады. Министрдің сөзіне қарағанда жалақы бойынша кредиторлық қарызға жасалған талдауда, еңбекақыны уақтылы мерзімде әлеуметтік саланың мамандары, яғни мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет қызметкерлері ала алмай отыр. Ал атқарушы органдарда жалақы бойынша қарыз жоқ. Шенеуніктерге еңбекақы уақтылы төленуде. «Осыған байланысты отырыстың хаттамасында мемлекеттік мекемелерге жалақыны дер кезінде төлеуді қамтамасыз ету жөнінде және жалақы төлеу мерзіміне сәйкес қаржыландыру жоспарын жүргізуге байланысты жергілікті атқару органдарына тиісті тапсырманы белгілеуді сұраймын», - деді Б. Жәмішев.