Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік монополия мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндаған Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
Министрдің айтуынша, құжат бойынша мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын талап ететін айрықша жағдайларда ғана мемлекеттік монополияны енгізу көзделеді.
«Заң жобасы мемлекеттің экономика салаларына қатысуының айрықша сипатқа ие болуын және кәсіпкерлік белсенділікті шектемеуге тиіс екендігін ескере отырып, бірқатар шараларды қамтитын болады. Атап айтқанда, мемлекеттік монополияда 16 қызмет түрін қалдыру көзделеді. Олардың қатарында мемлекеттік жер кадастрын жүргізу қызметі; мемлекеттің орман қорының шеккарасын белгілеуге, ормандарды түгендеуге, орман шаруашылығын жүргізуге байланысты қызметі; гидромониторинг пен қоршаған ортаның жай-күйінің бақылау жөніндегі қызмет; дәрігерлік заттар, медициналық заттар мен медициналық техниканың қауіпсіздік сапасын сараптау мен бағалау саласы; зейнетақымен қамсыздандыру саласы, статистика және тағы басқа да салаларда қамтылатын болады», - дейді Бақытжан Сағынтаев.
Экономика министрінің айтуынша, бұл ретте бәсекелестік ортаға төрт қызмет түрі өтетін болады. Олар, біріншіден - коммуналдық қалдықтарды көму, қалдықтар полигонын құру. Екінші - стандарттау бойынша нормативтік құжаттардың ресми басылымын тарату. Үшінші - негізге алынатын мемлекеттік стандарттарды әзірлеу. Төртінші - сәйкестік бағалау саласындағы аккредиттеу қызметі.