«Мемлекеттік мүлік туралы» заң жобасы Мәжіліске қайтарылды

АНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Мемлекеттік мүлік туралы» заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Сондай-ақ депутаттар аталмыш құжатты толықтыратын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік мүлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қатарынан екі оқылымда қарап, Мәжіліске қайтарды.

Отырыста аталмыш заң жобаларына байланысты баяндаманы Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова жасады. Оның сөзіне қарағанда, «Мемлекеттік мүлік туралы» заң жобасын әзірлеудің мақсаты - мемлекеттік мүліктік құқықтарды алған сәттен бастап, оларды тоқтатқанға дейінгі мемлекеттік мүлікті басқару жүйесін қалыптастыру болып табылады. «Мемлекеттік мүлік республикалық және коммуналдық болып екіге бөлінеді. Заң жобасы біріншіден мемлекеттік мүлікке құқық алудың барлық негізін жүйелендіреді. Сонымен қатар ол бұрын реттелмеген немесе заңнамада тек қана сілтеме ережелері ғана бар жаңа институттарды енгізу мәселесін қарастырады. Мүлікке ие болу негіздері бюджетке түсетін түсімдер, республикалық заңды тұлғалардың мүлікті сатып алуы, тәркілеу, мүлікті азаматтық құқықтағы шарттар негізінде сатып алу сияқты шаралардың негізін қалыптастырады. Заңнамада алғаш рет Конституцияның 26-шы бабы 3-ші тармағын іс жүзінде қолдану мақсатында мемлекеттік қажеттілік үшін мүлікті алып қою кезінде мемлекеттік мүліктің құқықтарын алу рәсемдері нақтыланып, толық көлемде реттелген», - деді министр.

Сондай-ақ оның сөзіне қарағанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік мүлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мемлекеттің мемлекеттік мүлікке деген құқықтарын қамтамасыз ету, мемлекеттік мүлікті басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар құзіретінің ара-жігін ажырату, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар арқылы корпоративті басқарудың құқықтық негіздерін белгілеуді қарастырады.