Мемлекеттік орган өкілдері Қоғамдық кеңестегі жұмысқа құлықсыз - Айгүл Соловьева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамдық кеңестің құрамындағы мемлекеттік органдардың өкілдері көп жағдайда кеңес жұмысына құлықсыздық танытады. Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам саласындағы қоғамдық кеңес мүшесі, «Аймақ» ҚҚ төрайымы Айгүл Соловьева етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қоғамдық кеңес деген қолына бір сөмке ұстап алып, тексере беру деген сөз емес. Бұл мәселені талдау, оған сараптама жүргізу, зерттеу. Сондықтан, халықаралық тәжірибеде мемлекеттік органдар қоғамдық кеңес қойған мәселеге негізді әрі ресми түрде жауап береді. Бұл нағыз - бақылау және ықпал ету болып табылады. Сөзсіз, сұрақтар бар. Сонымен бірге, қоғамдық кеңестер өздерінің отырыстарын өткізген кезде сол кеңестің құрамының мемлекеттік органдардардан тұратын үштен бірін құрайтын мүшелері көп жағдайда келмей қояды. Екіншіден, олар қоғамдық кеңестің отырысына келгенімен, жай ғана бейқам отырады. Үшіншіден, олар өздігінен жұмысқа құлықсыз. Төртіншіден, қоғамдық мониторинг жүргізген кезде немесе сараптама жүргізер кезде олар тарапынан құзырын пайдалана отырып, іске әсер етуде белсенді емес», - дейді Айгүл Соловьева.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың адамдары қоғамдық кеңестің жұмысына марғау араласады. Сонымен бірге, олардың кейбірі жұмыс бабымен өсіп кетеді де, қоғамдық кеңестен де алыстап кете барады.

«Сондықтан, қоғамдық кеңестің мүшелері құрамынан мемлекеттік органдардардың адамдарының санын азайту туралы мәселе көтердік. Осындай шағын отырыста мәселенің бәрін тізу мүмкін емес. Аймақтардағы қоғамдық кеңестің мүшелері мемлекеттік органдардың қызметкерлері қоғамдық кеңесті басқарғысы келетінін айтады. Мұндай мәселелелер де бар», - дейді ол.

Айгүл Соловьева сонымен қатар, нақты мысалдарды келтірді.

«Жақында ғана «Атамекенде» біз сұрақты талқыладық. Сонда түсінгеніміз, қоғамдық кеңес балабақшаларға бақылау жүргізген. Одан кейін қоғамдық кеңестің шешімін мемлекеттік орган пайдалана отырып, жеке балабақшаларды қаржыландыруды тоқтатып тастаған. Ал бұл жерде мүдделер қайшылығы туындап отыр. Бұл қоғамдық кеңестің жұмысын пайдалану болып табылады», - деп түйді Айгүл Соловьева.