«Мемлекет басшысы дарынды басшыларды жеке сектордан мемлекеттік қызметке тарту міндетін қойды. Осы мақсатта мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді», - деді Азамат Жолманов.
Сонымен қатар, ол кәсіби мамандарды тарту ісін орындау үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына қандай құқық берілгеніне тоқталды.
«Яғни, бірінші біз біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда мемлекеттік органдардың басшыларына тиісті конкурстық рәсімдерсіз кәсіби мамандарды тарту құқығын бердік. Екінші - біз үлгерімі жақсы, грантта оқитын қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектеріне ауылдық және аудандық деңгейде мемлекеттік қызметтің төменгі лауазымдарына орналасуға мүмкіндік ұсынып отырмыз. Осы арқылы біз белгілі бір дәрежеде аудандық және ауылдық деңгейдегі кадрлық әлеует мәселесін шеше аламыз. Сондай-ақ, біз жақсы GPA бар академия түлектеріне облыстық деңгейдегі түрлі мемлекеттік орындаушылық лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігін бердік», - деп мәлім етті Азамат Жолманов.