Мемлекеттік органдар сатып алу бағасын 45 млн теңгеге негізсіз көтерген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдар сатып алу бағасын 45 млн теңгеге көтерген. Бұл «Мемлекеттік сатып алудың қоғамдық мониторингісі» жобасы барысында анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік сатып алудың қоғамдық мониторингісі» жобасын іске қосқаннан бастап бір апта ішінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік қызметкерлері үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп мемлекеттік органдардың сатып алу бағасын негізсіз шамамен 45 млн теңгеге көтеру фактісін анықтады. Осы жылдың мамырында Балқаш орталық аудандық ауруханасына кеңсе қағазын 29 730 000 теңге сомасында сатып алу тәртібі кейінге қалдырылды.  Сомасы қайта қаралған сатып алу 2 378 000 теңгені құрады. Сондай-ақ Күршім  орталық ауруханасына бензин сатып алу үшін 4 480 000 теңге белгілеген, қайта қарағаннан кейін ол 3 625 000 теңгеге түсті. Осылайша, 28 миллион теңгеден асатын қаражат үнемделді», - делінген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бұл жұмыстар алдағы уақытта тұрақты негізде жүргізілмек.