Мемлекеттік органдар жеке куәлік, дипломдарды электронды түрде қабылдауы тиіс – Мемлекет басшысы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік органдар жеке куәлік, дипломдарды электронды түрде қабылдауы тиіс. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрландыру – бұл сәнді тенденция ізімен жүру емес, ұлттық бәсекеге қабілеттікке қол жеткізудің басты тетігі. Ең алдымен цифрлық теңсіздікті жою, барлық азаматтың интернетке және сапалы байланысқа қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Бүгінде бұл - жол мен электр сияқты базалық қажеттілік. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар компьютерлік техникамен және сапалы интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс. Осы жылдың соңына дейін 250 адамнан көп тұрғыны бар әрбір ауылға интернет қолжетімді болады. Біз зейнетақы және жәрдемақы тағайындау барысында адамдар қандай проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын көріп жүрміз», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің атап өтуінше, бұл процесті толықтай цифрландыру қажет.

«Жылдың соңына дейін барынша сұранысқа ие анықтамалар мен қағаз күйінде растауларды алып тастауды, ақпаратты цифрлық растауды қамтамасыз етуді тапсырамын. Мекенжай, мүліктік және басқа да осындай анықтамаларға қатысты қазірдің өзінде оң тәжірибе бар. Жеке куәлік, дипломдар, жүргізуші куәлігі мемлекеттік органдарда электронды түрде қабылдануы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.