Мемлекеттік органдарда кәсіби баспасөз хатшылары жетіспейді ? ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазіргі кезде мемлекеттік органдарда журналистік білімі бар кәсіби баспасөз хатшылары жетіспейді.

Бұл туралы бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Қазақстан журналистикасы: өзекті мәселелер» тақырыбындағы «дөңгелек үстелде» ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағаттар комитеті төрағасының орынбасары Лариса Броватая мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, бүгінде еліміздің барлық мемлекеттік органдары орналасқан Астана қаласында кәсіби журналист мамандар тапшы болғандықтан, осы органдардың жұмысын жан-жақты насихаттайтын баспасөз хатшылары жеткіліксіз болуда. «Баспасөз хатшылары - мемлекеттік маңызы бар мекемелердің жұмысын жарыққа шығарып, халықтың тағдырына қатысты көптеген іс-шараларды насихаттайтын маман иелері. Бұл үлкен жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті қажет ететін сала. Қазір болса, мемлекеттік органдардағы баспасөз хатшылардың басым бөлігінде журналистік білім жоқ», - дейді Л.Броватая.Комитет өкілінің пайымдауынша, алдағы уақытта университеттердің негізінде баспасөз хатшылардың кәсіби шеберліктерін шыңдайтын арнайы курстарды ұйымдастыру қажет.