Мемлекеттік органдардағы конкурстарды өткізу процедураларының уақыты 3 есе қысқарады - Әлихан Бәйменов

АЛМАТЫ. 8 ақпан. ҚазАқпарат - «Мемлекеттк қызмет туралы» заң бойынша енді нақты мемлекеттік органның конкурстық іріктеуіне қатыссыз тестілеу өткізіледі.

Оны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов бүгін Алматыда Президент Жолдауының негізгі басымдықтарын насихаттау мен түсіндіру бойынша Республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің қатысуымен өткен қала активі жиналысында айтты.

«Тестілеудің қорытындысы бойынша азаматтарға конкурстық іріктеуге қатысуға мүмкіндік беретін сертификат беріледі. Ал мемлекеттік органдардағы конкурстарды өткізу процдураларының уақыты 3 есе қысқарып, 50-60 күннен, 15-20 күнге азаяды», - деді Ә.Бәйменов. Оның айтуынша, заңдағы шешуші өзгеріс «А» басқару корпусын құру болып отыр. Бұл ҚР Президенті белгілеген мемлекеттік лауазымдарды басқару деңгейін әкімшіліктендіру. Онда кадрлық резерв пен конкурстық іріктеудің ерекше тәртібі қарастырылған. «А» кадрлық резерв корпусын қалыптастыру ҚР Президенті жанындағы Кадрлық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Аймақтық кадрлық комиссиялары шешімдері негізінде жүзеге асырылады. Аймақтық коммиссия құрамына облыс пен республикалық маңызы бар Астана мен Алматы қалаларының әкімдерін және әкімдіктердің аппарат жетекшілерін, мәслихат хатшыларын, тексеру комиссиялары төрағаларын, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық органдарының басшыларын енгізу қарастырылуда.