Мемлекеттік органдардағы орыс тілі дәл қазақ тіліндегідей деңгейде қолданылатын болса, оның халі өте мүшкіл болатын еді - Ж. Құрманғалиева

ТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның мемлекеттік органдарындағы орыс тілі дәл қазақ тіліндегідей деңгейде қолданылатын болса, оның халі өте мүшкіл болатын еді.

Бұл туралы бүгін Мәдениет министрлігінде өткен жиын барысында жауапты хатшы Жанна Құрманғалиева осылай мәлім етті.

«Конституция нормаларына сәйкес, мемлекеттік органдарда, жергілікті басқару органдарында мемелкеттік тілмен тең дәрежеде орыс тілі қолданылады. Яғни, тең деңгейде, теңдей ауқымда деген сөз. Бұл ретте «тең дәрежеде» деген мәселе тек қана мемлекеттік органдарға қатысты екендігін еске салғым келеді. Біз мемлекеттік қызметкер ретінде азаматтар тарапынан сұрау салынған тілде жауап беруге тиіспіз. Ал жеке ұйымдар бұл мәселені өздері шешеді», - деді жауапты хатшы. Дегенмен, жауапты хатшының айтуынша, бүгінгі күні мемлекеттік органдарда қалыптасқан ахуал мүлдем керісінше.

«Қазақстанның мемлекеттік органдарындағы орыс тілінің тағдырына келетін болсақ, егер орыс тілі дәл қазақ тіліндегі деңгейде қолданылатын болса, оның халі өте мүшкіл болатын еді. Бүгінгі күні мемлекеттік органдарда орыс тілін қолдану деңгейі қазақ тілін қолдануға қарағанда әлдеқайда жоғары. Мониторингке сүйенсек, мемлекеттік органдарда орыс тілінің қолданылуы 80-90 пайыз болса, мемлекеттік тілдің қолдану аясы 10-20 пайызды ғана құрайды. Егер Конституцияда көрсетілгендей, орыс тілі тең дәрежеде қолданылса, оның жағдайы шынымен қиын болар еді», - дейді Ж. Құрманғалиева.