Мемлекеттік органдардың бәсекелестік ортаға беру көзделген қызметтерінің базалық тізілімі қыркүйекте дайын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдардың бәсекелестік ортаға беру көзделген қызметтерінің базалық тізілімі қыркүйекте дайын болады.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Марат Құсайынов мәлім етті.

«Мемлекеттік органдардың қызметтеріне түгендеу жүргізу және одан кейінгі нарыққа дайындығына (мемлекеттік органдардың қызметтерін бәсекелестік ортаға беру) сараптама үшін комиссия жанынан эксперттік топ құрамы бекітілді. Бүгінгі күні орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда жұмыс топтары құрылып, қабылдаған әдістерді ескере отырып сәйкесінше жұмыстар жүргізілуде. Түгендеу ағымдағы жылдың мамыр айында бітеді. Маусымда бәсекелестік ортаға берілетін қызметтердің алдын ала тізілімі жарияланады. Шілде-тамыз айларында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның Азаматтық альянсы нарықтың дайындығына сараптама жүргізеді. Ал қыркүйекте Үкіметке берілуі көзделіп отырған қызметтердің базалық тізілімі ұсынылады», - деді вице-министр.

М.Құсайыновтың атап өтуінше, мемлекеттік органдардың қызметтерін түгендеу олардың жіктеліміне орай кезең-кезеңмен атқарылады.

Оның айтуынша, Ұлт жоспарының 97-қадамында өзін-өзі реттеу және жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту арқылы шешім қабылдау процесіне азаматтардың қатысу мүмкіншілігін кеңейту қарастырылған. Бұл қадамды жүзеге асыру барысында әлемдік үздік тәжірибе зерделенген әрі АҚШ-тың қолданыстағы әдістері негізге алынған. Сәйкесінше заң жобасы ағымдағы жылдың шілдесінде комиссия назарына ұсынылатын болады.