Мемлекеттік органдардың басшылық лауазымдарында «кездейсоқ адамдар» болмауы керек - Н. Ерімбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Нұрлан Ерімбетовтың пайымынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында белгіленген мемлекеттік қызметтегі реформалар мемлекеттік органдарды «кездейсоқ адамдардан» арылтады.

«Мақалада мемлекеттік қызмет туралы қамтылған мәселелер маған өте ұнады. Яғни, кез келген шенеунік жұмысты тек төменгі лауазымдардан бастайтындығына екпін қойылып отыр. Мемлекеттік қызметкер ауыл, станса, аудан, облыс өмірін жақсы білуі керек. Адамдар басшылық лауазымдарға кездейсоқ келмеуі тиіс. Атап айтқанда, шенеунік мансаптық ілгерілеудің барлық жолынан өтуі қажет»,-деді қоғам қайраткері бүгін Орталық коммуникацялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, ол мемлекеттік қызметкердің этика ережелерін қатаң сақтауға міндеттейтін қадамдардың дұрыстығын атап өтті.
Осы орайда, Н. Ерімбетов қазақстандықтарға реформалар кезеңінде құр қол қусырып отырмай, адамдар әрдайым өзін жетілдіруі керек деген кеңес айтты.
«Бүгінде осы тұрғыда әрбір адам өзінің тағдырына жауапкершілікпен қарауы керектігіне екпін қойылуда. Барлығын билікке жүктеп қоюға болмайды. Елдің әр азаматы өзін дамытып, бәсекеге қабілетті болуы тиіс»,-деді ол.