деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осыдан екі жыл бұрын Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл заңының 23-ші бабын іске асыру мақсатында тиісті заң жобасын әзірлеп, мемлекеттік тілді біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет қызмет салаларын, мамандықтарды белгілеген еді. Бұл жобада азаматтардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын «ҚазТЕСТ» жүйесін заңдастыру ережелері де қарастырылған болатын. Аталған жоба Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияда мақұлданғанына қарамастан, бұл құжат әлі күнге Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылған жоқ», деді депутат. Сонымен бірге, С. Есжанов мемлекеттік органдардағы іс-қағаздарының қазақ тіліндегі үлесіне де назар аударып, әсіресе орталық атқарушы органдарда бұл мәселе мардымсыз екендігін атап өтті. «Мысалыға, Мұнай және газ министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінде іс-қағаздары айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі 23-40 пайыз деңгейде ғана екен. Облыс әкімшіліктеріндегі жағдай да біркелкі емес», деді депутат.