Мемлекеттік органдардың қызметін бәсекелестік ортаға беру АҚШ тәжірибесін ескере отырып жүзеге асырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдардың қызметін бәсекелестік ортаға беру АҚШ тәжірибесін ескере отырып жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Марат Құсайынов мәлім етті.

«Ұлт жоспарының 97 қадамына сәйкес өзін өзі реттеу және жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту арқылы шешім қабылдау процесіне азаматтардың қатысу мүмкіншілігін кеңейту, сонымен қатар мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік орта мен өзін өзі реттейтін ұйымдарға беру қарастырылған. Бұл қадамды жүзеге асыру барысында әлемдік үздік тәжірибе зерделенді. Бұған қоса АҚШ-тың қолданыстағы әдістері негізге алынды», - деді М.Құсайынов.

Оның сөзіне қарағанда, АҚШ-тың Биліктің федералды органдарының қызметін түгендеу туралы заңына сәйкес жыл сайын мемлекеттік қызметке тән емес және жеке компаниялар да жүзеге асыра алатын қызметтер анықталып отырады. Бұл жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі.

Осы ретте М.Құсайынов ағымдағы жылдың 30 қаңтарында Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева төрағалық ететін мемлекеттік органдардың қызметтерін бәсекелестік ортаға және өзін өзі реттейтін ұйымдарға беру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін комиссия құрылған. Ағымдағы жылдың 20 сәуірдегі комиссияның хаттамалық тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика министрлігі Парламент Мәжілісі депутаттары, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстанның Азаматтық альянсы өкілдерімен бірлесіп әзірлеген базалық әдістер мақұлданды.