Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы
2011 жылғы 30 қараша № 1401 Астана, Үкімет Үйі
Мемлекеттік орман иеленушілердің орманды шолып, тексеру жүргізу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексінің 26-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік орман иеленушілердің орманды шолып, тексеру жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов
Мемлекеттік орман иеленушілердің орманды шолып, тексеру жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік орман иеленушілердің орманды шолып, тексеру жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексінің 26-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Орманды шолып, тексеру жүргізу мерзімдері мен мақсаттарына қарай жоспарлы, жоспардан тыс және бақылама тексеру болып бөлінеді.
2. Орманды шолып тексеру жүргізу тәртібі
3. Орманды шолып, тексеру жүргізуді мемлекеттік орман иеленушілер ұйымдастырады және өткізеді. Оны өткізу үшін мемлекеттік орман иеленуші ұйымның бірінші басшысының бұйрығымен құрамында екі және одан көп адам болатын комиссия құрылады және осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша орманды шолып, тексеру жүргізу кестесі бекітіледі.
4. Орманды шолып, жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізу кезінде комиссиялар құрамына: орман шаруашылығының барлық санаттағы орман шеберлері, орманшылардың көмекшілері, орманшылар, инженерлер, ормандарды күзету, қорғау, молықтыру және орман пайдалану мәселелерімен айналысатын мемлекеттік орман иеленушілердің мемлекеттік инспекторлары мен басқа да қызметкерлері енгізіледі.
5. Орманды шолып, тексеру жүргізу орманды шолу бекітіп берілген мемлекеттік орман иеленуші ұйымның бірінші басшысының бұйрығымен орман күтушінің қатысуымен өткізіледі.
6. Жоспарлы тексерулер барлық орман айналымдарында жылына екі рет өткізіледі:
1) көктемде - қар қабаты кеткеннен кейін, тексеру 1 маусымға дейін аяқталады;
2) күзде - қар жауғанға дейін, тексеру 1 қарашаға дейін аяқталады.
7. Жоспардан тыс тексерулер бір орманшыдан екінші орманшыға орман айналымдарында:
1) жұмыстан шығуына, басқа жұмысқа ауысуына, ауырып қалуы себепті жұмыста болмауына, демалысқа шығуына, іссаппарда және оқуда болуына;
2) орман күтушінің қанағаттанарлықсыз жұмысы немесе қызмет бабын теріс пайдалануы туралы өтініштерді тексеру қажеттілігіне байланысты өткізілген кезде жүргізіледі.
8. Жоспарлы тексерулерде орман тәртібін бұзушылық барынша көп анықталған орман айналымдарында бақылау тексерулері жүргізіледі.
9. Орманды шолып, бақылау тексеруін өткізу үшін мемлекеттік орман иеленуші ұйымның бірінші басшысының бұйрығымен құрамында кемінде үш адам болатын комиссиялар құрылады.
10. Орманды шолып, бақылау тексерулерін өткізу кезінде оларға өздерінің құзіреті шегінде орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган мен оның аумақтық органдарының өкілдері, облыстық атқарушы органдардың орман шаруашылығы құрылымдық бөлімшелерінің, өзге мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысады.
11. Орманды шолып, жоспарлы, жоспардан тыс және бақылап тексеру жасайтын комиссия:
1) ормандардың заңсыз ағаш кесуден қорғалуының қамтамасыз етілуін;
2) орман өрттерінің алдын алу және болдырмау, оларды дер кезінде байқау және жою жөніндегі іс-шаралардың орындалуын;
3) орман орналастыру және орман шаруашылығы белгілерінің, көрнекі насихат құралдарының, көріктендіру элементтерінің сақталуын;
4) орман екпелері жоспарының, оған қорғауға сеніп берілген мемлекеттік орман қорының учаскесі мен мүлік тізбесі туралы мәліметтердің болуын;
5) орман күтушіге сеніп берілген мүліктің бар-жоғын және оның пайдалануға жарамдылығын, сондай-ақ оған бекітілген көліктің, байланыс құралдарының, арнайы құралдардың техникалық жай-күйін;
6) орман күтушінің нысандық киімінің болуын және оның оны киіп жүру тәртібін сақтауын тексереді.
12. Жоспарлы, жоспардан тыс және бақылап тексерулерді өткізу кезінде тексерулер арасындағы кезеңде анықталмаған орман тәртібін бұзушылықтар ескеріледі.
13. Заңсыз кесілген ағаштардың түбірлері және орман тәртібін бұзу салдарынан зақымдалған ағаштар таңбаланады.
Тексерулерді барлық санаттағы орман шаруашылығының инженерлері және бекітіп берілген таңбалары жоқ басқа мамандар жүргізген кезде таңбалау тексеруге қатысушы маманның таңбасымен жүргізіледі.
14. Орманды шолып, тексеру аяқталғаннан кейін осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша екі дана акт жасалады.
15. Орманды жоспарлы шолып тексерулердің қорытындылары туралы есептерді мемлекеттік орман иеленушілер осы Қағидалардың 6-тармағында белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде осы Қағидалардың 3 және 4-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша жоғары тұрған ұйымға және орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның аумақтық инспекциясына түсіндірме жазбамен бірге береді.
16 Орман шолып, тексерулердің нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес орман тәртібін бұзушылыққа жол бергені үшін орманшыға тәртіптік жаза қолданылады.
Мемлекеттік орман иеленушілердің орманды шолып, тексеру жүргізу қағидаларының қосымшасы ресми БАҚ-тарда жарияланды.