Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.
«Құжат бойынша мемлекеттік табиғи резерваттардың күзет аймақтарында ағаштарды тілетін құрылғыларды орнатуға тиым салу нормалары енгізіліп отыр. Бұған дейін, қолданыстағы заңнамада әлгіндей құрылғыларды орнатуға шектеу нормалары қарастырылмаған еді. Соның салдарынан орман резерваттарының күзет аймақтарында, атап айтқанда Ертіс өңірі ормандарында заңсыз ағаш кесу және сол мақсатта бөренелерді тілетін құрылғылар мен станоктар орналастырылған жағдайлар да орын алған еді. Ендігі күні бұл норма қабылданса, орман резерваттарына ағаш тілетін құрылғы орнатуға толық шектеу қойылады», - деді құжатты таныстырған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаев.
Заң жобасымен сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының Қызыл кітабын жүргізу және басып шығару жөніндегі құзыреті айқындалды және кеңейтілді. Бұдан басқа, мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің шектеулі шаруашылық аймағында әуесқойлық (спорттық) балық аулауды, мелиоративтік балық аулауды, ғылыми-зерттеу мақсатында балық аулауды және өсімін молайту мақсатында балық аулауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін норма енгізілді. Мамандардың айтуынша, бұл ұлттық табиғи парктердің су бөгендерінде балық қорларын сақтауға және көбейтуге жәрдемдесіп қана қоймай, республикалық бюджетке қосымша қаржы қаражатының түсуін қамтамасыз етеді.